Жеке куәлікті онлайн ауыстыруға болады

Қазақстандықтар жеке куәлігін онлайн жаңарта алады, деп хабарлайды LS.

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, ХҚКО-ға келіп түскен өтініштердің 80%-ы 10 негізгі қызметке байланысты. Солардың ішінде ең сұранысқа ие қызметтердің бірі – жеке куәлікті ауыстыру.

"Айдың соңына дейін бұл процесс толықтай онлайн форматқа көшеді. Біз барлық кезеңдерді сәтті тестілеп, фотосуреттің талаптарға сай болуын бағалайтын AI-модельді оқытуды аяқтадық. Процесс өте қарапайым: сәйкестендіруден өтіп, фото мен қолтаңба жүктеу, онлайн төлем жасау және құжат дайын болғанда SMS-хабарлама алу. ХҚКО-ға барудың, кезек күтудің қажеті жоқ- бәрін үйден жасауға болады. Бұл сервис шамамен 1 млн азаматқа ХҚКО-ға баруды болдырмайды", – деді ол.

Министрдің айтуынша, ведомство 10 мемлекеттік қызметті міндетті түрде онлайн форматқа көшіру бойынша жол карталарын әзірлеген.

"Алғашқы кезеңде жеке куәлікті ауыстыру, ЭЦҚ алу және еңбек иммигранттарына рұқсат беру қызметтері іске қосылады. Кейін көлік, жылжымайтын мүлік және жерге қатысты тіркеу қызметтері қосылатын болады. Біздің мақсатымыз – жылдың соңына дейін ХҚКО-ның жүктемесін 50%-ға азайту. Осыған байланысты, тиісті мемлекеттік органдарға қабылданған жол карталарын уақытында және сапалы жүзеге асыруды тапсырылуын сұраймын", – деп атап өтті Ж. Мәдиев.

Сонымен қатар, министр жүргізушілерге арналған тағы бір жаңа сервис іске қосылғанын хабарлады.

"Бүгіннен бастап автокөлік иелеріне хабарлама жіберу мүмкіндігі пайда болды. Егер сіз терезесі ашық қалған немесе жолды бөгеп тұрған көлікті байқасаңыз, мемлекеттік нөмірді енгізіп, жағдайды таңдай аласыз. Осылайша, көлік иесіне жасырын хабарлама жіберіледі. Бұл сервис өзара көмек пен азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған және ІІМ-мен бірлесіп іске асырылды", – деді министр.

Ж. Мәдиевтің айтуынша, бүгінгі таңда жүргізуші куәлігін ауыстыру екі-ақ қадам арқылы жүзеге асады, бұл қызметті жеті мыңнан астам қазақстандық пайдаланып үлгерген.

"Біз eGov порталының жаңғырту жұмыстарын жаңа технологиялық шешімдер негізінде бастап, мемлекеттік қызметтерді оңайлатуды көздеудеміз. Қызметтерді бірнеше қадаммен алу мүмкіндігі қарастырылып, электрондық үкімет шлюзі жаңартылды және интеграция процестері жетілдірілді. Қазіргі уақытта екі мыңнан астам пайдаланушыдан тұратын фокус-топта тестіленіп жатқан виртуалды AI-ассистент енгізілді. Жаңғырту нәтижесінде eGov платформасы көру қабілеті нашар және зағип жандар үшін дауыстық және мәтіндік навигация арқылы қолжетімді болады. Сонымен қатар, әрекетке қабілетсіз азаматтардың қамқоршыларына арналған мүмкіндіктер кеңейтіледі. Осы қадамдардың барлығы инклюзивті, тұрақты және заманауи цифрлық платформаны қалыптастыруға бағытталған", – деді министр.

Министр сондай-ақ, цифрлық еңбек келісімшартын жасау сервисінің іске қосылғанын хабарлады. Қазіргі таңда зейнетақы төлемдерін проактивті түрде тағайындайтын ұйымдар тізімі кеңейтілуде.

Бұған дейін, қазақстандықтар үшін мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік жеңілдетілетіні хабарланған болатын.



Новости