Журналист Сәуле Әбілдаханқызы алимент төлемей қашып жүргендер туралы айтты. |
Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Кәмелет жасқа толғаннан кейін баласының ісіне ата-анасы жауапты емес!!! Олар өз баласын асырап, өсіргені де жетеді. Немересін асырау — жеке таңдауы. Егер зейнеті, жағдайы, парасат-пайымы жетіп тұрса, ата-әже онсыз да немересіне барын береді...
Ал жоқ болса ше? Өздері қалт-құлт етіп әрең күндерін көріп жүрсе ше? Зейнеті дәрі-дәрмегі, нан-шайы, коммуналкасынан артылмайтын болса ше?
"Жас күнімде бейнет бер,
Қартайғанда зейнет бер" деген қарттарымыздың көрген бейнеті аз ба еді? Неге оларға тыныштық бермейсіңдер? Шетелдің шал-кемпірлері сияқты мыңғырған доллар зейнет алып, ел-жерді аралап, саяхаттап жүруді былай қойғанда, біздің қарттарымыздың жылына бір-екі рет санаторийге барып ем қабылдауға мүмкіндіктері жоқ...
Қит етсе айыппұл төлеттіріп, соттағыш өкімет алимент төлемей қашып жүрген сол еркексымақ, әкесымақ ездердің өзімен шешсін мәселені!!! Соттасын, жұмыс істетсін, айыппұл тағайындасын — не істесе де қарсы емеспіз. Сот орындаушылары да әншейінде сот шешімдерін орындауда қара күшке де салып жатады ғой, — пажалыста, алимент төлемей қашып жүргендерді де тепкілеп тұрып төлетсін. Дүние-мүлкін кәмпескелесін. Заңды орындатсын. Это их проблема. Шал-кемпірдің емес. Шал-кемпір қалай ма, өз еріктерімен зейнетақысынан жырып берсін, қаламай ма, бермесін.
Зорлап төлеттіру — адамшылыққа да жатпайды, заңға да сыймайды! Басқа шешімдерін табыңдар! Бала жасауды білген иттер сол баласын асырауды да білсін! Өздері төлесін тиісті алиментін", — деп жазды Сәуле Әбілдаханқызы.