|
Теңге банкноттарының бірінші партиясы Англияда басып шығарылғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Құпия жағдайда қазақ суретшілері ағылшын әріптестерімен бірге 30 жыл бұрын тарихта із қалдырды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
De La Rue — бағалы қағаздар мен банктік жабдықтар өндірумен айналысатын әлемдегі ірі компаниялардың бірі. Ол сондай-ақ адамның жеке басын сәйкестендіруге, құжаттарды қорғауға арналған техника және пошта маркаларын шығаруға машықтанған. Бас кеңсесі — Англияның Гэмпшир графтығында Бейсингсток қаласында орналасқан. 1992 жылы 27 тамызда Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекіткені белгілі. Сөйтіп 4 қазақ суретшісі осында іссапарға жіберілді. Ағылшындар отандық дизайнерлердің өнеріне тәнті болып, оларға барынша қолдау көрсеткен.
“Көптеген мемлекеттің бай мәдениеті бар. Қазақстан солардың арасында ерекшеленіп тұрады дер едім. Тарих тұрғысынан алып қарағанда, өте кемел ел. Суретшілер осының барлығын теңгенің дизайны арқылы ғажап жеткізе білді”, — дейді De La Rue компаниясының студиялық менеджері Крис Мэтьюс.
Бастапқыда төл теңгеміз дизайны жағынан ағылшындардың стерлинг фунтынан еш кем түспепті. Әлемдік стандарттарға сай қолдан жасаудан қорғайтын 18 белгісі болған. Түсі жағынан сол кездегі 5 фунтқа ұқсаған, шетінде банкнотты қолдан жасаудан қорғайтын жібі де болған. Ол кезде бұл заманауи технология саналатын.
“Әрдайым құпиялық сақталды. Мысалы, жаңа дизайн жасалатын болса, қолды болып кетпеуі үшін коммерциялық пошта арқылы жөнелте алмайтын едік. Тек жауапты адамды бекітіп, қолма-қол жеткізетінбіз. Ұшақта бірдеңе болып қала ма деген қорқыныш жиі мазалайтын”, — дейді De La Rue компаниясының Қазақстанмен байланыс жөніндегі өкілі Дебора Смит.
Ұлттық валютамыз бірнеше рет халықаралық байқаулардың жүлдегері атанды. Мәселен, 2007 жылы шығарылған 10 000 теңге купюрасы әлемдегі ең үздік банкнота деп танылған. Халықаралық валюта ассоциациясы теңгені дизайны, шығармашылық және техникалық орындалуы жағынан өте жоғары деп бағалаған.
“Егер қателеспесем, ол кезде Қазақстан өзінің ұлттық валютасында оптикалық қорғанышы бар алғашқы мемлекет болды. Бұл — терезе сияқты банкнотадағы саңылау. Ол уақытта ешбір елде мұндай болмаған. Жаңасын әрі үздігін таңдау қазақтарға тән қасиет деп білемін”, — дейді De La Rue компаниясының студиялық менеджері Крис Мэтьюс.
Араға 2-3 жылдай уақыт салып, қаражатты үнемдеу мақсатында теңге Қазақстанда шығарыла бастады. Өндіріске қажет база құрылғаннан кейін Банкнот фабрикасы ресми түрде ашылды.
1995 жылы 83 миллионнан астам, бір жылдан кейін 104 миллионнан астам банкнота басып шығарылды. Ал екі жылдан соң дәл сол фабрика Қазақстан Республикасы азаматтарының төлқұжаттары мен жеке куәліктерін шығара бастады.