Әйелдер күресінен әлем чемпионатының екі дүркін күміс және бір мәрте қола жүлдегері Жәмила Бақбергенова жазғы Азия ойындарында олимпиадалық салмақта күреседі. |
Бұл туралы спортшының жеке бапкері Нұрсұлтан Теміров айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Нұрсұлтан Теміровтің айтуынша, Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында қола медаль алған Ж.Бақбергенова 72 келіден 76-ға ауысады.
Бұдан былай Жәмила олимпиадалық салмақ болып есептелетін 76 келіде ғана бақ сынайды.
Қытайда өтетін жазғы Азия ойындары — балуан үшін осы салмақтағы бірінші жарыс болмақ.
«Мақсатымыз — олимпиада жолдамасын жеңіп алып, қазақтың көк туын Париж төрінде желбірету», — деді Н.Теміров.
Жәмила Бақбергенованың өзі де Белградқа алтын үшін келгенін, дегенмен оның сәті түспегенін, Астанадағы жаттығу жиыны кезінде басталған баспа ауруының екі апта бойы мазалағанын жеткізді. Ендігі меже — Азия ойындарында табысты өнер көрсету.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жәмила Бақбергенованың әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.